МҰҒАЛІМ – МЕКТЕПТІҢ ЖҮРЕГІ - Наша газета - Каталог статей - Персональный сайт
Вторник, 21.10.2014, 18:54
Приветствую Вас Гость | RSS
Главная | Каталог статей | Регистрация | Вход
Меню сайта
Категории каталога
Наша газета [3]
Наш опрос
Нравиться ли вам учиться?
Всего ответов: 86
Форма входа
Поиск
ЖАС ДАРЫН
Главная » Статьи » Наша газета

МҰҒАЛІМ – МЕКТЕПТІҢ ЖҮРЕГІ
        Мұғалім – мектептің айнасы, бәйтерегі. Мұғалім еңбегінің әлеуметтік мәніне, елдің мәдени өміріндегі белсенді рөліне кезінде қазақ зиялылары көп көңіл бөлген. Ахмет Байтұрсынұлы “Жақсы мұғалім мектепке жан кіргізеді, басқа кемшілігі болса, мұғалімнің жақсылығы жабады, білдірмейді” – деген болатын. Мұғалім білім нәрін себуші.
         Өсіп келе жатқан ұрпақ – адамзаттың болашағы, жалғасы.
Тәуелсіз ел атанып, төбемізге ту тігіп, тіліміздің мәртебесі артып, әлемге атымызды танытып жатқан кезеңде ұлттың, елдің болашағы – жас ұрпақ тәрбиесіне де мықты көңіл бөлінуі қажет.
        Осы егеменді, тәуелсіз Қазақстанда өркениетке бастар жолдың бастауы – мектеп десек, мектептің басты тұлғасы, жүрегі – МҰҒАЛІМ.
Адамның адам болып қалыптасуына ата-аналармен қатар, мұғалімнің де рөлі зор.

Ұрпақ болашағы, халқымыздың келешегі қазіргі ұстаздардың қолында.
Ұстаз болу – сезімнің ақындығы,
Ұстаз болу – жүректің батылдығы.
Ұстаз болу - өмірдің күн шуағы,
Азбайтұғын адамның асылдығы, –
деп ақын Ғафу Қайырбеков жырлағандай, сөзі - маржан, үні - ән ұстаздардың бар болғанын мақтаныш етеміз. Әрине, ұстаз жүгі – ауыр жүк. Ұстаздардың әсерлі үнмен асықпай, мәнерлеп сөйлеген сөзінен әрбір оқушыға деген қамқорлықтың, аналық, әкелік сезімнің, дана ойдың ыстық лебі есіп тұрғандай. Иә, адамның жан дүниесін түсініп, ренжітпей, қателігін сездіре білу – бұл нағыз шеберлік емес пе?!
        Өнегелі ғұмырында қаншама шәкіртін білім нәрімен сусындатып, бойларына ізгілік шуағын дарыта білген Сәуле Төлегенқызы білім ордасында шәкірттерінің сүйіспеншілігіне, әріптестерінің құрметіне бөленіп, жаңа дәуірдің жаңа үрдісіне сай еңбек етуде. Сәуле Төлегенқызы 1958 жылы 13 ақпанда Қашыр ауданының Трофимовка ауылында көп балалы отбасында дүниеге келді. Орыс мектебінде оқып, сол мектепті күміс медальға бітірді. Ісімен үлгілі, қарапайымдылығымен құрметті Сәуле Төлегенқызы 1979 жылы Арқалық педагогикалық институтының математика факультетін бітіріп, ұстаздық жолын Қостанайда бастаған еді. Он сегіз жыл бойы Қостанайда жұмыс істеп, Павлодарға көшті. «Жас дарын» мектебімізде 5 жыл бойы жұмыс істеді. Содан бергі уақытта жаңашыл ұстаз, өз пәнін шебер меңгерген шебер мұғалім болып қалыптасып, нәтижелі жетістіктерге жетті, құрметке бөленді. Оқушылары қалалық олимпиадаларда үнемі жүлделі орыннан табылды. «ҚР-ның үздік ағартушысы» атты медальға ие болды.

«Ж.Д.»: Интерактивтік сабақ туралы қандай ой-пікірлеріңіз қалыптасты?
С.Т.: Мен елбасымыздың дана істерімен келісемін. «Білім- қашан да сара жол» дегендей, сендер, оқушылар, қазіргі кезден бастап сапалы білім нәрін сусындап, мемлекеттің гүлденуіне өздеріңнің айқын септіктеріңді тигізулерің керек.
«Ж.Д.»: Өмір асуларға толы... Ұстаздық өміріңіздегі жарқын белестер жайлы айтып берсеңіз.
С.Т.: Мен үшін ұстаздық белестер – бұл оқушыларымның жетістіктері. Сондай есте қаларлықтай кезеңдердің бірі - Арқалық қаласында өзім оқытқан 9-сынып оқушысының облыстық деңгейдегі олимпиададағы математика пәнінен озып шығып, «Жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар» атанғаны. Кейін бір топ балаларыммен Новосибирск қаласына 1 айлық оқу мақсатында аттанған кезім есімде мәңгілік сақталмақ.
     

         Асыл ұстаз ақ тілеулі Ана тәрізді. Бұлақ көрсе, көзін ашып, шәкірті өзінен асып түссе, көңілі толып, өз өмірін өзгеге арнағаны үшін шатта¬натын шалқар пейіл ел ұйытқысы. Осындай өр тұлғалы ұстаздардың бірі – мектебіміздің оқу ісінің меңгерушісі Бабыкова Гаухар Қабдырқызы. Гаухар Қабдырқызы Павлодар облысы, Ақтоғай ауылында 1971 жылдың 12 қаңтарында дүниеге келген еді. Ақтоғай ауылының орта мектебін үздік бітіріп, қаладағы педагогикалық колледжінің тарих бөлімшесіне оқуға түседі. Өмірінің төрт жылын өткізген бұл оқу ордасын да қызыл дипломға бітірді. Жас шағынан орыстың ұлы ақыны А. С. Пушкиннің шығармаларын сүйіп оқыған жас студент одан әрі шабыттанып, бойындағы мақсатқа жетудегі табандылық, еңбекқорлық, қайсарлық, іскерлік, білімге деген құштарлығының арқасында Алматы қаласының Әл-Фараби атындағы мемлекеттік университетіне түсті. Алты жылдық оқудан кейін Гаухар Қабдырқызы тарих пәнінің мұғалімі, мектеп директоры, тәрбие ісінің меңгерушісі қызметтерін атқарған еді.
        Білікті маман 2002 жылы «Жас дарын» мектебінің есігін алғаш рет ашып, мектебімізде бүгінгі күнге дейін оқу ісінің меңгерушісі қызметін адал орындап келе жатыр. Гаухар Қабдырқызы ұжымға тастай батып, судай сіңіп кеткен.
«Ж. Д.»: Жас кезіңіздегі армандарыңыз орындалды ма?
Г. К.: Жастық шағымда армандарым екеу болған еді. Біріншісі, мұғалім болу болса, екіншісі, Әл-Фараби атындағы мемелекеттік университетіне оқуға түсу. Екі арманым да орындалды.
«Ж. Д.»: Сіз үшін ұстаздық деген не?
Г. К.: «Баланың азамат болып қалыптасуының ең басты кепілі – тәлім-тәрбие» деген пікірді ұстанған мұғалім Макаренкомен толығымен келісемін. Менің ойымша, ұстаздық деген, ең алдымен, бала бойына дұрыс тәрбие дарыту.
   

      Тәлім-тәрбие – ата-анадан, оқу-білім – ұстаздан. Осы екеуі сәйкес келсе, талай ұрпақтың жұлдызы жанып, мәртебесі биіктейді. Сол себепті, ұстаз білгенін үйретуші ғана емес, тұла бойы тұнған өнеге болуы тиіс. Осындай өнегелі ұстаздардың бірі Лебяжі ауданының Шарбақты ауылының тумасы – Рахимжанова Армангүл Сартайқызы. Армангүл Сартайқызы балалық шағын туған жерінде өткізіп, ауылдың балаларымен бірге жергілікті орта мектебінде алғаш рет білімнің дәмін татады. Жастайынан орыс тілін жетік меңгерген жас түлекті мамандық таңдау мәселесі аса қинамады. Осылайша ол 1990 жылы қаладағы Сұлтанмахмұт Торайғыров атындағы мемлекеттік университетінің орыс тілі мен әдебиеті факультетіне түседі. Сол кезінен-ақ А. Пушкиннің, Ш. Айтматовтың, Абайдың шығармаларын оқып, Мұқағалидың өлеңдерін тыңдаумен әуестенген Армангүл Сартайқызы кәсіби жолын тұңғыш рет Солнечный қаласының орта мектебінде бастайды. 2000 жылы мектебіміздің табалдырығын алғаш рет аттаған білікті маман қазіргі кезде инновация ісінің меңгерушісі қызметін атқарады.
«Ж. Д.»: Қазіргі өмірді жаңадан бастау мүмкіндігі туса, оны өзгертер ме едіңіз?
А. С.: Жоқ. Өзгертпес едім. Мен ұстаздық мамандықты қалағаныма, оған өмірімді арнағаныма ешбір өкінбеймін, қайта тағдырдың осылай болғанына қуанамын.
«Ж. Д.»: Армангүл Сартайқызы, өмірдегі ұраныңыз қандай?
А. С.: Бұл орыс ақыны Заболоцкийдің сөздері:
«...Чтоб в ступе воду не толочь,
Душа обязана трудиться
И день и ночь, и день и ночь...».
            
           Оқушының бойына шынайы білім дағдыларын дамытып, зердесіне ғылым негіздерін тоқыта алған, сөйлеген сөзі, жүріс-тұрысы, істеген ісі, парасат-пайымы, білімінің тереңдігі мен жан-жақтылығы арқылы шәкірттеріне үлгі болып жүрген ұстаздардың бірі – Камелова Батима Қабиденқызы. Жастайынан мұғалім болуды армандаған Батима Қабиденқызы 1966 жылы қаланың педагогикалық училищесінің бастауыш сыныптарға білім беру бөліміне түсті. Сол училищеде білімнің бар нәрін сусындап, алғаш рет Ертіс ауданы мектептерінің оқушыларының бойына дарытты. Ертіс өңірінің оқу орындарында жиырма бес жылдай дәріс беріп, Павлодар қаласына көшуге белін буды. Бұл жылдары Батима Қабиденқызы технологиялық колледжде орыс тілі мен әдебиеті сабақтарын оқытты. Білікті маман өзінің мұғалімдік шеберлігі үшін талай медальдар мен атақтарға иеленді. Солардың бірі – 1995 жылғы «Аудандық мұғалім» медалі. Қырық жылдай стажы бар ұлағатты ұстаз қазіргі кезде мектебімізде тәрбие ісінің меңгерушісі қызметін атқаруда.
«Ж. Д.»: Өзіңізді қай әдеби кейіпкермен салыстыра аласыз?
Б. Қ.: Менің ойымша, өзіңді әдеби кейіпкермен салыстыру қиын. Бірақ әркімнің өзіндік идеалы болу керек. Жас шағымда А. С. Пушкиннің Татьянасы мен Л. Н. Толстойдың Наташасына еліктейтінмін.
«Ж. Д.»: Мектеп жайлы алғашқы көзқарасыңыз қандай?
Б. Қ.: Шынымен айтсам, бұл мектепке алғашқыдай ғашықпын. Мектептің табалдырығын алғаш рет аттаған кезімде оқытқан Марал, Жұлдыз, Ерден сынды шәкірттерім жүрегімде ұзақ уақытқа қалады.
Ауғалиева Дария, Оспанова Әсел.




Категория: Наша газета | Добавил: jas-darin (29.11.2007)
Просмотров: 11770 | Комментарии: 4 | Рейтинг: 4.0/7 |

Всего комментариев: 0
Имя *:
Email:
Код *:
Создать сайт бесплатно Copyright MyCorp © 2014